Университет музейінің тарихынан


Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеттің музейі 2011-12 жылдары ұйымдастырылып, экспозициясы 2012 жылы 26 қараша күні ашылды. 

Музей университеттің тарихи-танымдық, мәдени-ағарту бөлімшесі, сондай-ақ идеялық-тәрбиелік жұмыс бағыттарының бірі болып табылады.

Университет музейі жұмысының негізгі қызметі:

  • ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген маман дайындап, кемел тұлғаны қалыптастыруда музейлік форматта жұмыстар жүргізу;
  • студент жастарды, қонақтарды университеттің тарихымен, жетістіктерімен, ғылыми-жұмыс бағыттарымен және ғалымдарымен, танымал қайраткерлермен таныстыру;
  • патриоттық және идеялық-рухани тәрбиелеу жұмыстарын ұйымдастыру;
  • ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау;
  • «Семей рухы» кешенді жобасы аясында өңір тарихын насихаттау.

 

Музей экспозициясы екі залда орналасқан: 

  1. «Университет тарихы»;
  2. Этнографиялық зал: «Ұлы Дала тарихы».

 

Музей көрермендеріне ең бірінші көзге түсетіні көптеген фотоматериалдар, архив деректері, құжаттар. Солар арқылы университеттің қалыптасу тарихы мен дамуы туралы мәліметтермен танысуға болады. Университеттің көшбасында тұрған, оқу орнының негізін қалаған, көрнекті ғалымдардың фото-суреттері мен еңбектері орналастырылған.

Сонымен бірге музейде университеттің 5 факультетіне арналған экспозициялар қойылған. Онда факультеттердің оқу-әдістемелік жұмыстары, тарихтағы мазмұнды оқиғалары, сондай-ақ білім мен ғылымдағы жетістіктері, білім алушылардың студенттік өмірі көрсетілген. Факультеттердің құрылуына негіз болған қаламыздың белгілі жоғары оқу орындарының – Шәкәрім атындағы педагогикалық институттың, малдәрігерлік институты  және Семей ет және сүт өндірісінің технологиялық институттың тарихын көрсетуге де орын берілген. Әр факультеттің тарихына байланысты заттық жәдігерлер, оқу процестерінде пайдаланылған құрылғы мен құралдар, тағы да басқа материалдар келушілер назарына ұсынылған. 

Ал, «Спорттағы жетістіктер» экспозициясында университет оқытушылары мен студенттерінің спорттық жетістіктері көрсетілген. Университет түлегі, Мәскеу олимпиадасындағы қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің және өзге де  спорт шеберлерінің, еңбек сіңірген жаттықтырушылардың спорттық жетістіктері баяндалған. Міне, мыңға жуық фотоматериалдар мен заттық жәдігерлер музейдің негізгі залында орналасып, университетпен және оның тарихымен таныстырады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылдың 22 қыркүйегіндегі №1436 қаулысымен университетке ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының аты берілді. Сондықтан ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған экспозиция музей төрінен ерекше орын алған. Экспозицияда ақынның өмірінен деректер, шығармашылығын көрсететін материалдар, Абайдың немере інісі екенін дәлелдейтін шежіре, ұрпақтарының фотосуреттері, бізге жеткен қарт ақынның үш фотосуреті, өмірі өткен Шыңғыстау картасы, Алашпен байланысы, шәкәрімтану тақырыбы – міне экспозицияда орын алған материалдар легі.

Қазіргі кезде музей экспозициясы кеңейтілген, екінші зал ашылған. Онда «Ұлы дала тарихы» атты тұрақты көрме ұйымдастырылып, келушілердің назарына 100-ден аса этнографиялық заттар ұсынылған. Көрмеде музейдің алтын қорына кіретін экспонаттар топтастырылып отыр. Олар бірнеше коллекциялардан тұрады:

  • Белбеулер топтамасы;
  • Ер тұрман – ат әбзелдеріне жататын заттар;
  • Әйел адамдардың әшекей бұйымдары;
  • Күнделікті тұрмыста қолданылған заттар;
  • ХІХ, ХХ ғ. басында жарық көрген кітаптар;
  • Қазбалардан түскен заттар. 

 

Студенттер мен оқытушы қауымды, қонақтарды университет музейін тамашалауға шақырамыз.

Мекен-жайымыз:

ШҚО, Семей қаласы, 071400, Глинка көшесі 20 А. 2-ші қабат.