ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ЖӘНЕ МАТЕМАТИКА ФАКУЛЬТЕТІ Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрамындағы көне факультеттердің бірі.
Кезінде жеке Жаратылыстану және жеке Физика-математика факультеттері болып педагогикалық институттың құрамында құрылған. Архивтен алынған материалдарға сүйенсек, 1933-1934 оқу жылдарында Семейде Кешкі педагогикалық институты және толық емес орта мектептер үшін мұғалімдер дайындайтын жарты жылдық курстар болған. Қаржыландыру болмағандықтан 1934 жылы көктемде Кешкі педагогикалық институт жабылады. Сол жылдың 23 маусым айында ВКП (б) Шығыс Қазақстан обкомының бюросы «1934 жылы күзден бастап құрамында: а) физика-математика, б) химия-биология, в) тарих-әдебиет және г) экономика бөлімдері бар Семейде Шығыс Қазақстан педагогикалық институтын ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады. Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі осы шешімді бекіткен. 1935 жылы 17 қантарда бұл қаулы қайта қаралып, «Семейде 2 жылдық педагогикалық институт құру туралы» қаулы шығарылады да оның шешімі бойынша Оқытушы институты немесе екі жылдық институт ашылады. Институт құрамына үш факультет енеді: географиялық, физика-математикалық, жаратылыстану. Міне, осы қаулылар мен шешімнен Жаратылыстану және математика факультетінің тарихы басталады.
1936 жылы СНК РСФСР бұйрығымен педагогикалық институт құрамына Петропавл педагогикалық институты қосылып, 1937 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 4 жылдық Семей педагогикалық институты ашылады. Оның құрамына келесі факультеттер кірді: тарих, география, физика-математикалық, жаратылыстану, орыс тілі және әдебиет. 1940 жылы географиялық факультет жаратылыстану-география факультетіне ауысады.
Семей педагогикалық институт құрамында дербес жұмыс істеген екі факультеттің даму тарихы музей стендтерінде жеке-жеке көрсетілген. Оларды ашылғаннан бастап басқарған декандар, педагог кадрларды даярлауда үлес қосқан жоғары кәсіби профессор оқытушы ғалымдар, жабдықталған кабинеттер мен зертханаларда жүргізілген оқу процестері фотосуреттер мен архив деректері арқылы баяндалған. Дамудың ұзақ жолымен жүре отырып, факультеттер өзінің тарихында елеулі өзгерістерді басынан кешірді. 1996-2004 жылдар арасында педагогикалық институт «Семей» мемлекеттік универсиетінің құрамына енеді. 2004 жылы институт өз алдына жеке жоғары педагогикалық оқу орны болып бөлініп шыққанда, жеке жаратылыс ғылымдары факультеті және жеке физика-математика факультеті атанады. Педагогикалық институт 2013 жылы Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрамына еніп, екі факультет қосылады. Қазіргі таңда университеттің Жаратылыстану-математика факультеті құрамында 3 кафедра жұмыс істейді:
Факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамының ғылыми-зерттеу қызметі іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, қазіргі қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
Миссиясы: бәсекеге қабілетті ғылыми-педагогикалық кадрларды қазіргі заманғы еңбек нарығының қажеттіліктері деңгейінде даярлау және жаратылыстану-математика ғылымдары саласында терең теориялық, практикалық білімі, іскерліктері мен дағдылары, жоғары кәсіби біліктілігі бар мамандар даярлау болып табылады.