Филология факультетінің тарихынан


ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ де Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің құрамындағы көне факультеттердің бірі. Тарихы 1934 жылы Семей педагогикалық институты оқу мекемесі болып құрылғаннан басталады. Алғашқы дерек осы жылдың 23 маусымында ВКП (б) Шығыс Қазақстан обкомының бюросы қабылдаған қаулыда кездеседі. Онда: «1934 жылы күзден бастап құрамында: а) физика-математика, б) химия-биология, в) тарих-әдебиет және г) экономика бөлімдері бар Семейде Шығыс Қазақстан педагогикалық институтын ұйымдастыру туралы» делінген. Факультет тарихына көз салсақ, талай өзгерістер болған екен. Оның ұйымдастыру, қалыптасу, даму, өсу жолында атауы мен құрылымының ауысып отырғанын мына шежіреден көруге болады:

      1938-1940 жылдары Тіл және әдебиет факультеті деп аталып, құрамында «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Орыс тілі мен әдебиеті» атты бөлімдері болды; 

      1941 жылы Қазақ әдебиеті факультеті ашылды;

  •       1944 жылы Филология факультеті болып құрылды;
  •       1946 жылы Тарих-филология, Тарих және орыс тілі мен әдебиеті факультеттері болып қайта құрылып, екі факультетте де қазақ және орыс бөлімдері болды;
  •       1958-1968 жылдары Тарих-филология факультеті болып екі тілде педагог мамандарды дайындады;
  •       1969-1989 жылдары Филология факультеті деп аталып, құрамында бірнеше кафедралар жұмыс істеді;
  •       1990 жылы жеке Қазақ филологиясы және жеке Орыс филологиясы факультеттері болып бөлінді;
  •       1991 жылы Қазақ тілі мен әдебиеті факультеті болып қайта құрылды;
  •       1995 жылы педагогикалық институт «Семей» университеті құрамына енгенде, факультет филология бөлімі болып Гуманитарлық факультет құрамына кіреді;
  •       2004 жылы университет құрамынан педагогикалық институт бөлініп шыққанда, Қазақ филологиясы факультеті, жеке Орыс және шетел филологиясы болып бөлінеді, құрамында бірнеше кафедралары болды;
  •       2013 жылы институт Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетімен бірігуіне байланысты факультет Филология факультеті деп аталды.

Музей экспозициясында факультет тарихына бірнеше стендтер арналған. Онда тарихи кезеңдерді көрсететін материалдардың орналасуымен, әр уақытта басшылық еткен декандар мен ғалымдардың фотосуреттері қойылған. Ал, жеке бөлім  филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Еспенбетовтың ғылым мектебіне арналған. Сонымен бірге әр кезеңде факультет құрамына кірген «Орыс филологиясы», «Қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі», «Қазақ әдебиеті», «Шетел филологиясы» кафедраларының даму тарихы, ғылыми жетістіктері мен халықаралық байланыстары көрсетілген. Міне, ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ ашылғаннан бастап қазіргі таңға дейінгі көп жылдық тарихы қалыптасқан ғылыми-педагогикалық тәжірбиесі бар, сапалы маман дайындауға және білім мен ғылым негізін жандандыруға ат салысқан факультет ретінде қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда факультетте 2 кафедра жұмыс істейді. «Қазақ филологиясы және журналистика» кафедрасы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімін, филолог және журналистика мамандарын дайындайды. Ал, «Шет тілдер» кафедрасы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін, шет тілі мұғалімін, филолог және аударма ісінің мамандарын дайындайды. Факультет түлекері еліміздің барлық аймақтарында орта, арнаулы және жоғары білім ордаларында табысты еңбек етуде.

Факультеттің миссиясы:

Кәсіптік біліктілікке ие болумен қатар ұлттық тәрбиені, шығармашылық қызметті іске асыруға және жаңа инновациялық технологиямен құзыреттік бағытта бәсекеге қабілеті бар мамандарды даярлау.