Ветеринария және агроменеджмент факультеті тарихынан


Музей экспозициясы таныстыруды ВЕТЕРИНАРИЯ ЖӘНЕ АГРОМЕНЕДЖМЕНТ ФАКУЛЬТЕТІ тарихынан бастайды. Факультет тарихы қаламыздың белгілі зооветеринарлық институтымен байланысты. 1995 жылы университет ұйымдастырылғанда, қосылған үш институттың бірі болып зооветинститут барлық оқу және материалдық-техникалық базасымен кірген.

               Экспозиция 1952 жылы ашылған зоотехникалық-малдәрігелік институтының ашылуымен, оның қаз тұру, қалыптасу, өрлеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістіктері мен еліміздің ауыл шарушылығының өркендеуіне қосқан үлесі туралы мәліметтер береді. Сонымен бірге, алғашқы ректорлары мен оқытушы-ұстаздары туралы материалдар орын алған. Институт тарихына үңілсек, 1956 жылдың өзінде Қалыпты анатомия, Гистология, Электендіру және механикаландыру, Микробиология, Агрономия, Фармокология, Малдәрігерлік акушерлік, Азықтандыру, Паразитология, Зоогигиена, Ауылшаруашылық өндірісі мен экономикасы, Ірі қара шаруашылығы, т.б. 20 кафедра жұмыс істей бастады. Институтқа ғылыми және педагог кадрлар басқа одақтас республикалардан, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарынан, әсіресе Ленинград, Қазан, Омбы, Воронеж, Алматыдан тартылды. Кафедраларда ғылыми, зерттеу, практикалық жұмыстар бірге жүріп жатты. Осындай жұмыстардың нәтижесі: 1950-60 жылдары Генетика және мал өсіру кафедрасының алғашқы меңгерушісі Грибовский ешкінің жүн беретін тұқымын шығарды. Ал, 1994 жылы институт қызметкерлері (Қыдырниязов, Тоқаев, Майтқанов, Нұрғалиев) қазақтың құйрықты жартылай қылшық жүнді «Байыс» тұқымын енгізді. Институт ғалымдарының жетістіктері Семей мен Павлодар облыстарының шаруашылықтарында асыл тұқымды мал өсіруіне ықпал жасады. Оқу-өндірістік база ретінде 1965 жылы «Бұлақ» оқу-тәжірибелік шаруашылығы құрылады. 1983-1991 жылдар аралығында барлық факультеттерде қазақ бөлімдері ашылды және Монғолиядан студенттер оқи бастады. 1992 жылы институтта экономикалық бөлім ашылып, экономист-бухгалтерлер дайындап шығара бастады. 1992 жылдан докторантура, 1998 жылдан аспирантура мен магистратура бар. Институттың 40-жылдық қарсаңында оқу орнының тарихымен таныстыратын музей ашылды. Витриналарда сол кезде жинастырылған жәдігерлерді көруге болады: 

  • Радиоактивтің мөлшерін анықтайтын дозиметр. 
  • Хирургиялық және акушерлік құрал-жабдықтар.
  • Микроскоп. 1955.
  • Лейкоциттерді есептейтін құрал. 1952.
  • Жүн сапасының үлгілері, т.б.

               Университет құрылғаннан бастап қарасақ, бұл факультеттің атауы бірнеше рет өзгерген. 2004 жылы агроэкологиялық институтқа айналды, 2005-2006 жылдары агроэкологиялық факультет, 2008 жылдан университеттің аграрлық факультеті, қазіргі таңда  «Ветеринария және агроменеджмент факультеті» деп аталады. Факультетте 2 кафедра жұмыс істейді: 1. Ветеринария кафедрасы; 2. Ауыл шаруашылығы және биоресурстар кафедрасы. Қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген, қазіргі заманға сай зертхана, шеберханамен жабдықталған, үлкен жұмыс тәжірбиесі және кең халықаралық байланыстары бар көпсалалы факультеттің тарихы экспозицияда кеңінен көрсетілген.